
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсат етіп қойылған болатын.
Осы мақсатты шешуде интернет ресурстарын іске қосудың маңызы жоғары. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаның аталған талабын сапалы деңгейде орындау үшін интернет-портал ашу өзекті мәселе болып табылады. Сонымен бірге, арнайы тіл порталын ашу мемлекеттік бағдарламада: «Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2014 жылға қарай – 53%, 2017 жылға қарай – 60%, 2020 жылға қарай – 70%-ға дейін» деп көрсетілген бағыттың орындалуына да үлес қосады. Сондай-ақ, бұл жобаны жүзеге асыру ономастика және терминология салаларындағы жұмыстардың көпшілік үшін ашық және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Тіл порталының іске қосылуы мемлекеттік тілді үйретудің тиімді әдістерін таратуға, еліміздегі орталықтардың жұмыстарын үйлестіруге, үштұғырлы тіл саясатын жүргізудің ауқымын кеңейтуге де мүмкіндік туғызады.
Порталдың қолданылу аясын кеңейту мақсатында күнделікті ақпараттар легімен алмасып отыратын жаңалықтар және қоғамға қажетті терминдерге қатысты екі блок үш графикада беріледі (кирилл, латын, араб). Бұл қолданушы, оқырман санын арттырады, мемлекеттік тілдің насихатталу ауқымын кеңейтеді. Атап айтқанда, Қытайда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Түркияда және Еуропада тұратын қазақтар порталдағы материалдармен таныса алады.
«Тіл әлемі» порталының іске қосылуы интернет кеңістігіндегі тілдік контенттің көбеюіне, оны қолданушылар санының артуына, мемлекеттік тілді қашықтан үйренушілер қатарының өсуіне кеңінен мүмкіндік жасайды.
Сонымен бірге, порталдың қызметі тіл саласындағы өзекті, өткір мәселелердің талқылануына, орайлы шешім табуына да оң ықпал етеді. Портал күнделікті ақпараттар алмасатын, тілге қатысты өзекті мәселелер көтерілетін, ономастикалық, терминологиялық базалар арқылы министрліктің, комитеттің жұмыстары барынша көрінетін, сонымен бірге орфографиялық электронды база арқылы қазақ тілінде сауатты жазудың үлгілерін ұсынатын алаңға айналады.
«Тіл әлемі» порталы тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтиды. Атап айтқанда, тілге қатысты күнделікті жаңалықтар, ономастика, орфография, жарнама, аударма және терминология мәселелеріне қатысты блоктар осы салалардағы көпшілікті қызықтыратын, кей кезде сұрақ тудыратын жайттарды ұсынады. Соған сәйкес порталдың мазмұны қоғамдағы тілдік сұраныстарға орай құрылған.
Ғаламтор желісінде алғаш рет қолданысқа енгелі отырған «Тіл әлемі» порталы мемлекеттік тілді насихаттап, оның әдістемесін, қолданылу аясын, тілдік ахуалды көтеріп, «Үштұғырлы тіл» саясатының жүзеге асуына жан-жақты ықпал жасайды. Порталда алғаш қазақ терминдерінің, ономастикасының, орфографиясының толық қамтылған қоры жұмыс істейді. Қазақ терминдерінің жүйелі әрі дұрыс аударылып, қолданысқа енуіне; орфографиялық сөздіктің автоматтандырылып, лексикасының емлемен жұмыс жасауына, аббревиатуралардың толық нұсқасының берілуіне дереккөз болады. Бұл күнге дейін болмаған Ономастикалық электронды қор Қазақстанның түкпір-түкпірін, әр көшесінің атын және мәдени ошақтарын жылдам тауып беріп және сәйкестіктерін анықтайды. Оқыту және әдістемеге қатысты электронды қор әдістемелік құралдарды жинақтап, портал қолданушысына қажетті материалды мобильді қосымша ретінде жүктеп алып, тіл үйренуіне көмектеседі. Бейнесабақтар үш тілде жүргізіледі. Аталған портал мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, онлайн және оффлайн режимінде сабақтарды өту арқылы тіл үйренушілердің санын арттырады.
Бейбіт ОСПАНОВ
The post Tilalemi.kz appeared first on .