Елордада жасөспірімдерді спортқа баулу және қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында спорттық жарыс өтті. Оны Сарыарқа аудандық прокуратурасы «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
«Астана» көкпар клубына жиналған жеткіншектер тартысты ойынның куәгері болды. Нақтырақ айтсақ, аударыспақ, теңге алу, бәйге, қыз қуу, көкпар сияқты ат спорт түрлерін тамашалады. Ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық спорт түрлері жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді деп есептейді.
Клуб басшының орынбасары Дулат Нағубаевтың айтуынша, мекеме ұлттық ат спорт түрлерін дамытуға бағытталған Астанадағы жалғыз мектеп.
–Ұлттық спорт түрлерінен басқа, жеткіншектерді үш сайыс пен конкурдан дайындаймыз. Олар олимпиа-да ойындарының бағдарламасына қосылған. Біздің клубта 159 спортшы бар. Балаларды 10 жастан бастап қабылдаймыз» деді ол.
Шараны ұйымдастырушы Сарыарқа ауданы прокуратура бөлімінің прокуроры Жаңагүл Дәрібаева:
– Мектеп оқушыларына арналған спорттық шараларды үздіксіз өткізіп тұрамыз. Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектептерімен бірігіп ұйымдастырамыз. Қаңтар айында мектептер арасында жарыс болды. Бүгінгі таңда қала шетінде орналасқан №19, №20, №68, №41 орта мектептерінің оқушыларын жұмылдырдық, – деді.
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ
astana-akshamy.kz
The post БАЛАЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРҒА БАУЛИДЫ appeared first on .